№13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясында қыркүйек айының 10-17 күндері аралығында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесіне арналған «Еркін елдің ертеңі-кемел білім мен ана тілдерінде» атты апталығы болып өтті.
Мектеп директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Ибраева Гулия Букалаевна ұстаздар мен оқушыларды құттықтай отыра, онкүндіктің мазмұнды да қызықты өтуіне ұйымшылдықпен қатысатындықтарына сенім білдірді.
Онкүндік ішінде атқарылатын іс-шараларға жауапты мұғалімдер тілдер мерекесі туралы сынып жетекшілер мен оқушыларға түрлі тапсырмалар беріп, қызу дайындықпен кірісіп кетті.
Тіл–қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Апталық аясында «Тіл-бейбітшілік пен келіісім тірегі» атты кітаптар көрмесіне саяхат болды.Мектеп кітапханашылары ұйымдастырған көрменің мақсаты – жастардың бойында патриотизм мен шығармашылық қабілетін қалыптастыруға ықпал ететін әдебиеттерді тұтынушыға насихаттау болып табылады.Кітап көрмеге кітапхана қорындағы тілге байланысты әдебиеттер, үш тілге байланысты сөздіктер, мерзімді басылым беттерінде әр жылдарда жарық көрген мақалалар және ғаламтор беттеріндегі қызықты мәліметтер орын алды.
Бастауыш сынып оқушыларының арасында «Тілден қымбат қазына жоқ» атты сурет байқауы өтті. Бұл сайысқа 1-4 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: Балаларды ана тілінің қасиетін сезінуге, мәртебесін көтеруге баулып, танымдық қабілетін арттыруға, тілді құрметтей білуге тәрбиелеу.
Оқушылар салған суреттер түрлі - түсті, қызықты болды. Бұл көрмені ұйымдастыра отырып, біз балаларға әр тіл – тұтас әлем екенін көрсеткіміз келді. Тіл үйрену үшін пән ғана емес, ол халықтың жаны, оның есі, қазынасы. Ол әрқайсымыздың ыстық махаббатын, ризашылығымызды, бір-бірімізге деген қарым-қатынасты шақыруы керек.
Қалалық «Мемлекеттік тілім-менің тілім» атты байқауына мектебіміздің 9 «Б» сынып оқушысы Егорова Анастасия қатысып, номинацияға ие болды.
Апталық аясында "Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл" мерейтойына арналған челленджге мектебіміздің 9 «Б» сынып оқушысы Кураганова Анель қатысып, ақын шығармасынан үзінді жатқа оқып берді.
Мектебімізде 14 жастағы 8 сынып оқушылары арасында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты байқау өтті. Бұл өлең сайсының мақсаты оқушыларға қазақтың мұзбалақ лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығымен терең танысып, оқушылардың Мұқағали атамыздың ақындық шеберлігіне көзін жеткізіп, артында қалдырған мұрасына сүйіспеншілігін ояту. Мұқағали Мақатаев сияқты жүрегінде мейірімділік, адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық сезімдерін ұялату.
Сайыс қатысушылары ең алдымен өздерін қазақша таныстырып, Мұқағали Мақатаевтің өлеңдерін жатқа оқыды. Әр қатысушыдан кейін презентация, бейне материалдар, музыкалық пауза алмастырылып отырды. Музыкалық үзілісте бәрі қосылып ән айтты. Байқаудың қорытындысы бойынша: Құсайын Алуа - 1 орынға ие болды; Кривых Арина,Занегина Алина,Тахтабаева Милана - 2 орын алса; Айтқожа Нұрсана,Туружанова Камила,Мирошниченко Алена, Утепова Адия-3 орын иеленді. Іс-шараны өткізген А.К. Байменова мен А.Т.Бейсенбаева.
Сонымен қатар апталық аясында "Мен қазақша сөйлеймін" атты челлендж бастауыш сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылды. Мақсаты: өзге ұлт балаларының қазақ халқының тіліне қызығушылықтарын арттыру, рухани байлығын кеңейтіп, өлең арқылы сөздік қорларын молайту. Мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын арттыру. Өткізген қазақ тілі пәнінің мұғалімдері: Ибраева Г.Е., Колданова А.Ж.
2021 жылғы 15 қыркүйек күні Тілдер апталығы шеңберінде тіл білгірлері арасында «Полиглот» тақырыбында викториналық сайыс өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру; ана тілін дамыта отыра, әлемде болып жатқан жылдам өзгерістерге бейім болуға қажетті ағылшын тілі мен көрші ел тілі – орыс тілін үйрену. Мектебіміздің 7, 8 сынып оқушылары қатысқан іс-шараны дайындаған мұғалімдер:
Ағылшын тілі мұғалімі- Жұмажанова Шынар Еламановна;
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі -Тасбулатов Бекзат Шалабаевич;
Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі- Новицкий Николай Францевич.
Викториналық сайыс төрт кезеңнен тұрды.
І кезең «Мақал-мәтел білгірлері» сайысы
Шарты: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген мақал-мәтелдерді мағынасы бойынша сәйкестендіру
«Мақал-мәтел білгірлері» сайысында оқушылар үш тілде берілген мақал-мәтелдердің мағынасын сәйкестендіріп, білімдерін сынады.
ІІ кезең «Жұмбақ шешу» сайысы
Шарты: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінінің бірінде берілген жұмбақтардың шешімін табу, үш тілде жауабын айту
ІІІ кезең «Ырғақпен үйлестір» сайысы
Шарты: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде берілген өлеңдердің соңындағы сөзді айқындау, сөзді үш тілде айту
ІV кезең «Көп тіл білу – заман талабы» сайысы
Шарты: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген сөздерді мағынасы бойынша сәйкестендіру.
Викторинада оқушылар замана талабына сәйкес үш тіл бойынша лайықты білім деңгейін көрсете білді. Сайыс аяғында қазылар алқасы құрамы қорытынды шығарып, жеңімпаздарды анықтады.
Мектебімізде «Қазақстан халықтарының тілдері» мерекесіне орай «Қазақ тілі – баламның тілі, бабамның тілі» атты 9-11-сынып оқушылары арасында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға жауапты болып пән мұғалімдері Каимова А.Д., Калымжанова С.Т., Айткешева А.С. бекітілді.
Іс-шараның мақсаты: Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, білім алушылардың оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылықтарын арттыру, Отанын, елін, жерін сүюге, салт - дәстүрін, тарихын құрметтеуге баулу.
Дүбірлетсін өңірді,
Дүрілдетсін дүлдүлі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын, бұл күні!,-деген ұранды ту етіп ұстаған ұстаздар «Біздің қаламызда қазақ тілінің мәртебесі қандай деп ойлайсыңдар?» «Мемлекттік тілдің қазіргі жағдайы қандай?», «Үш тұғырлы тіл саясаты деген не?» деген сұрақтар төңірегінде оқушылармен бірге ой бөлісіп, пікір алмасты. Дөңгелек үстел барысында оқушылар тілге байланысты «Зымыран сұрақтарға» жауап беріп, өздерінің білімдерін көрсетті. «Жеті жұрттың тілін біл» атты айдарда оқушылар жұмбақтар шешіп, шешімдерін орыс, ағылшын тілдеріне аударды. Бұл кезеңде оқушылар өздерінің қызығушылықтарын танытып, белсене қатысты.
«Тіл-достықтың мерейі» тақырыбында эссе жазу байқауы 5-11 сынып оқушыларының арасында болып өтті. Оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, білім деңгейлерін көрсете білді. Жауапты мұғалімдер: Омарова Р.С., Дробышева Ю.Б., Портнова Н.В., Есенбекова Г.А.
Біздің бақытқа жетер даңғыл жолымыз - туған Отанымызды, туған тілімізді сүюден басталады. Сондықтан да ұлтшыл емес, ұлттық сана - сезімі мол, Отанын, ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу мақсатында өткізілетін осындай іс-шаралардың берері мол деп ойлаймыз.